Абайдың 175 жылдығына арналған «Мүшайра» өз мәресіне жетті

06.11.2020
Новости

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы КЕАҚ қолдауымен    ұйымдастырылған Абайдың 175 жылдығына арналған Мүшайра республикалық жас ақындар конкурсы жобасы нәтижелі аяқталды.

Жобаның негізгі мақсаты ұлы Абайдың мерей тойына орай ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, жастарды ынталандыру, жас ақындар мен жазушылардың шығармашылығын  қолдау және дамыту болып табылады. Жоба аясында @Abay175zhyl атаумен Instagram, Facebook әлеуметтік желілер мен тelegram канал ашылып барлық жарияланымдар, байқаулар, сұрақ-жауаптар, мемлекеттік және орыс тілдерінде әлеуметтік бейнероликтер жарияланды.  Хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы, қара сөздері туралы қызықты мақалалар жарияланып тұрды.

Ұлы ақының өлеңдерінен және қара сөздерінен 2 ай бойы челледжер мен викториналар ұйымдастырылып, оған 4,5 мыңға жуық адам қатынасып, оның жеңімпаздарына  20, 30 және 50 мың теңгеге көлемінде сыйақы табысталды.  Жастардың жазу дағдыларын дамыту мақсатында онлайн семинар-тренингтер мен мастер-класстар ұйымдастырылды. Шараға елімізге танымал ақындары мен жазушылар, абайтанушы ғалымдар тартылды. Тренингке 500-ден астам, мастер-классқа 1000-нан астам жастар қатысты. 

Сондай-ақ 7-14 қазан күндері аралығында республикалық жас ақындар мүшайрасы ұйымдастырылды.  Мүшайраға еліміздің 17 өңірінен 51 жас ақындар қатысты. Арнайы құрылған Әділ қазылар алқасы (Қазақстан Жазушылар Одағы поэзия кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал ақын М.Райымбекұлы, Халықаралық «Илхам» сыйлығының лауреаты Д.Байтұрсынұлы, бірнеше мүшайралардың жүлдегері А.Исаділ, «Серпер» сыйлығының лауреаты Ә.Шегебай және бірнеше мүшайралардың жүлдегері М.Құнапияқызы) барлық үміткерлердің жұмыстарымен мұқият танысып, олардың әрқайсысын онлайн режімінде бірге отырып тыңдап, 4 жеңімпазды анықтады (Анықтама: Жеңімпаздар Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ студенті Дәурен Тлеуханұлына «Гран при» (Ақтөбе облысы, 500 мың теңге), «Әдебиет порталы» интернет-жобасының қызметкері Арман Шеризатовқа 1-орын (Нұр-Сұлтан қаласы, 300 мың теңге), «Еуразия+ОРТ» телеарнасы қызметкері Алмапыс Файзоллаға 2-орын (Нұр-Сұлтан қаласы, 200 мың теңге), Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының пресс секретарі  Рысгүл Досжановаға 3-ші орын (Түркістан облысы, 100 мың теңге көлемінде жүлде берілді) беру туралы шешім қабылдады.

Республикалық Мүшайраға қатысқан барлық 51 жас ақын-жазушылардың өмірбаяндары мен еңбектері жеке кітап болып басылып шығады және олар Ұлы Абайдың бейнесі салынған футболкамен, нақыл сөзі жазылып арнайы дайындалған сөмке және жазу дәптерімен марапатталды.

Біз осы мүшайраны жоғары деңгейде ұйымдастыруға өз үлестерін қосқан барлық университеттер мен колледж басшыларына, үкіметтік емес ұйымдарға,  жастар мен БАҚ өкілдеріне  шынайы алғысымызды білдіреміз!

Республика Президенті Қ-Ж. Тоқаев атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс». Абай жырлап өткен бабалар арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Себебі қазіргі заманғы қазақ жастарының бойынан талап пен жігерді, білім мен іскерлікті, ұлттық намыс пен қайсарлықты көреміз. 

Келешекте дәл осындай жобалар өз жалғасын табады деп ойлаймын.

 

Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті,

 академик А.Құсайынов

 

Посмотреть на карте Алматы