Досжанова Рысгүл - Республикалық Мүшайраның 3 орын иегері

06.11.2020
Новости

Досжанова Рысгүл Манарбекқызы - 1999 жылы 28 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында дүниеге келген.

Республикалық «Ақберен» байқауының «Айтыс» бағыты бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ — түрік университетінің грантын иеленіп, қазақ тілі филологиясы мамандығын тәмамдады.

Облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. 

Қазіргі таңда Түркия мемлекеті, Мугла университетінің магистранты.

 

АБАЙҒА АРНАУ

Абай жаққан шырақтың алауымен

Қара өлеңді қымтанған Қарауыл ең.

Жамалына сүйсініп Шыңғыстаудың

Самалына билеген бала гүл ем.

 

Бала гүлмін, жайқалып еркін өскен,

Солмауымды мезгілсіз ел тілескен.

Атом дейтін аждаһа ұя салып,

Бұл даланың бір кезде көркі көшкен.

 

Көркі көшті.

Көрмедік ал біз мұны,

Жапан түздің қинайды жалғыздығы.

Рухымды мүжілген сан ғасырлық

Ұлы Абайдың емдеді жалбыз жыры.

Дала куә -

Бәріне мына жатқан,

Көз жасынан, тілеуден, мінәжаттан.

Жылай - жылай суалған өзендерім

Бұрымындай Тоғжанның бұрала аққан.

 

Абай баба,

Қарауыл не көрмеген?

Сен өнген ең, бұл жерге мен өнген ем.

Батпан - батпан сыр бүккен бұл далаға

Мен мінәжат етейін өлеңменен.

Досжанова Рысгүл

Посмотреть на карте Алматы