Шеризат Арман - Республикалық Мүшайраның 1 орын иегері

06.11.2020
Новости

Шеризат Арман – 1992 жылы 4-наурызда ШҚО, Абай ауданы, Медеу ауылында дүниеге келген.

Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Педагогика ғылымдарының магистрі.

2015-жылы Қарағанды қаласында «Қасым.кз» сериясымен жарық көрген «ТӘҢІРҚҰТ» жыр жинағының авторы.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әдебиет порталының» қызметкері.

 

«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ»

Шығып күндей шұғылалы Шығыстан,

Сыры жұмбақ дүниемен ұғысқан.

Мағжан сүйген: «Алтын хәкім – Абайға»,

Адамзаттың барлығы да туысқан.

 

Тірі адамға танытпаған бөтендік.

Хәкім ойы жетемізге жетерлік,

Тәуелсіздік алған шақта көк тумен,

Төбемізге баба сөзін көтердік.

 

 «Аулақ бол»-деп қулық, жалған, есептен,

Ойшыл жыры – бізді әлемге дос еткен.

Еркіндігін еншілеген қазақты

Ешкім енді баса алмайды етектен.

 

Жетекшіміз бастар алға нұрлы ақыл,

Ыстық қайрат қорғанымыз бір батыл.

Соның бәрін қабыл алып әуелі,

Жылы жүрек қаламаса құр ғапыл.

 

Ұмытқасын жылы жүрек қалауын,

Суық соғыс көтеруде жалауын.

Өшпенділік у-ын жайған кеуденің,

Өшіре алмай жүрміз бүгін алауын.

 

Ақыл арам – елді айламен алдасақ,

Жанжалменен дүниені жалмасақ.

Шын сүюді ұға алмаймыз жүрекке,

Дана Абайдай терең бойлай алмасақ.

 

Күні түсіп күйлемейтін заманға,

Хәкім терең ой салады адамға,

Жайылады бар әлемнің құшағы,

Жүрек патша болған күні ғаламға.

Шеризат Арман

Посмотреть на карте Алматы