Президентіміз Қасым-ЖомартТоқаевтың Халыққа жолдауына қатысты бір түйір ой

17.03.2022
Новости

Тарих сахнасында қандай болмасын елдің Егеменді ЕЛ болуы оңай дүние болмаған. Ал егемендігін алған елдің өсіп-өркендеп, дамыған ел болуы өте ауыр үрдіс екенін жақсы білеміз. Бұл сол елдің басшысына да, халқына да үлкен сын болады.

Қазақ халқының Егеменді Ел болғанына 30 жыл болды. Бұл тарихи даму тұрғысынан алып қарағанда көп уақыт емес, бірақ ХХІ ғасырда, әр күннің салмағы еселеп ауырлап тұрғанда, уақытпен дұрыс санасу керек.

Өзінің 30 жылдық өмірінде алдымен экономикалық дамуды басты мақсат етіп қойған елге саяси реформа ауадай қажет болды. Мұны халық та, мемлекет басшысы да жақсы сезінді, жақсы түсінді. Қасым-Жомарт Тоқаев, өзі айтқандай, ұзаққа қалдырмай, әлемде болып жатқан аса күрделі жағдайларды ескере отырып, елімізде саяси реформа жасау жөніндегі өз ойын халыққа жария етті. Халық болса, тапжылмай отырып мұқият тыңдады, тыңдады да иықтарынан ауыр жүк түскендей, толғанысты ризашылық сезіммен қабыл алды деп ойлаймын.

Жолдауда айтылған, саяси реформа жасаудың 10 бағытын да толық қолдаймын. Президент айтқандай, жолдаудың әр бағыты көп ойланып, көп толғанып, терең ойланыстан туған шешімдер екені байқалады. Әр бағыттың астары тым тереңде жатыр, олар қалтқысыз түсініп, ел болып жұмыла отырып қыруар іс тындыруды қажет етеді. Біз, бұл арада, осындай саяси реформа жасауда кешігіңкіреп қалғанымызды да ескеруіміз қажет. Олай болса, енді уақыттан ұтылуға болмайды. 

Мен, бұдан 30 жыл бұрын, Мемлекеттік деңгейде білім саласында реформа жасауға тікелей қатысқан жанмын. 1992 және 1996 жылдары дайындалған, еліміздің Білім беруді дамыту бағдарламалары жасау үшін құрылған уақытша жұмыс тобына басшылық жасадым. Содан бері осы саланы дамыту проблемаларымен ғылыми әрі практикалық тұрғыда үзбей шұғылданып келемін. Бұл бағытта оқыған-тоқығаным, көңілге түйгендерім, атқарған істерім, әлемдік деңгейде мойындалған ғылыми ой-тұжырымдарым бар, яғни еліміздің білім беру саясатын жетілдіруге қатысты өзіндік ой қалыптастырған жанмын.

Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім қандай болмасын ЕЛдің өсіп өркендеуінің түп қазығы болатын болса, осы бағытта Үкіметтік емес ұйым – Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшелері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты толық қолдап, әрқайсымыз, осы реформаны іске асыру мақсатында тиянақты істер атқаратын боламыз.

 

Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Асқарбек Құсайынов