Академик Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлы Анкара қаласындағы Гази университетінің ректоры, профессор, доктор Мұса Йылмаз мырзамен кездесті. 1926 жылы Кемел Ататүріктің шешімімен құрылған университеттің 25 факультетінде 50 мыңдай студент оқиды. Салиқалы, терең мағыналы, жылы кездесу болды. Кездесу соңында М.Йылмаз мырза Анкараның жаңа саябағына 7500 түп ағаш отырғызылғанын, сол ағаштарға зиялы адамдардың есімдері берілетіні айтып, бір ағашқа Асқарбек Қабыкенұлының есімі берілгені туралы Түркияның Орман шаруашылығы министрі мен өзінің қолы қойылған сертификат тапсырды.
Анкара университетінің педагогикалық білімдер факультетінің деканы, профессор, доктор Селахиддин Оғулмуш мырзамен кездесті. 1946 жылы құрылған университетте 70 мыңдай студент оқиды. Факультетте 2000-нан аса студент, 500-дей магистрант, докторанттар бар. Алдағы уақыттарда бірлесе жұмыс жасау жөнінде ой бөлісті.
1946 жылы ашылған Ұлттық кітапханада болды. Әлемнің 100 елінен 134 тілде шыққан 4 млн басылған еңбек пен 120 млн электронды файлдар жинастырылған. Қазақ тілінде шыққан кітаптар да тұр. Іші толған оқырмандар. Мұнда оқырмандарға тегін сорпа, нан, шай, кофе, су беріледі екен.
Ататүрік мавзолейінде болды. Ағылған халық. Мавзолей музейінде жастарға, жалпы халыққа зор патриоттық тәрбие беретін Ататүріктің Түрік мемлекетін құру жолындағы асқан ерлікке толы істері жайлы мол мағлұмат берілген. Мавзолей қырат басында, үлкен әдемі парктің ортасында орналасқан. Қала әдемі көрінеді.