Республикалық Мүшайраның 2 иегері - Файзолла Алпамыс

06.11.2020
Новости

Файзолла Алпамыс - жас ақын, аудармашы.

1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында дүниеге келген.

2012 жылы туған жеріндегі С. Сейфуллин атындағы №11 мектепті бітірген.

2012-2016 жылдарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде білім алса, 2016-2018 жылдарда Л. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінде магистратурада оқыды.

Алпамыстың өлеңдері көптеген жастар жинағына енген және республикалық газет-журналдарда жарық көрген.

Ол – көптеген республикалық мүшәйраның жеңімпаз-жүлдегері. Жас ақынның жырлары ағылшын, француз, түрік, парсы, бенгал тілдеріне аударылып, шетелдік БАҚ-тарда да жарияланған.

Шетелдік қаламгерлер мен оқырмандар Алпамыстың өлеңдерін ұнатып, жоғары баға берді.

 

АДАСТЫРМАС ЖҰЛДЫЗЫМ

Ауысқанмен, заманның талай ғұрпы,

Өзгермейді мүлде, жан сарай кілті.

Қурап бара жатқанда жүрек-бағым,

Жаңбырымен суарды Абай-бұлты.

 

Ақын жыры бұлжымас кесімдей бір,

Ұмытпаймын, санамнан өшірмеймін.

Пенделігім күш алып бара жатса,

Қарап Абай-айнама есім жидым.

 

Шайқағандай жел-дауыл тұнық көлді,

Кей кезде қап-қараңғы бұлұт келді.

Зеңгір көгін өмірдің түнек басса,

Сөнбейтін Абай-сәуле үміт берді.

 

Ойшыл сөзін ұмытсам, тұралаймын,

Күйін кешем жаралы құралайдың.

Мінім таудың тасынан

Көп

Өзіме –

Көзіменен қарасам, ұлы Абайдың.

 

Парасаты халқымның қалай керім,

Бес күндікті сапарға балайды елім.

Түнгі аспанға көз тіккен жолаушымын,

Адастырмас жұлдызым – Абай менің.

Файзолла Алпамыс