Тілеухан Дәурен - 2000 жылдың 28-қазанында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген.
Өлеңдері республикалық басылымдар мен сайттарда жарияланған.
Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының жеңімпазы.
Республикалық Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлде иегері.
Ұлы Абайдың 175-жылдығына арналған «Өлең - сөздің патшасы…» республикалық онлайн мүшәйраның жеңімпазы.
Студенттер арасында өткен ҚР тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған мүшәйраның 1-орын иегері.
«Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы.
Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ-нің 3-курс студенті.
АВТОПОРТРЕТ немесе АБАЙ МҮСІНІНЕ МҰҢ ШАҒУ
«Абай—Алаштың автопортреті...»
©С.Ақсұңқарұлы
«Чтоб познать себя народы рождает своих поэтов...»
©ескі нақыл
Бір қайғысы қозғаған жүз қайғысын"—
Міз бақпай қалай тұрсың мұздай мүсін?..
Тасадан тас атқандар тірі екен ғой,
Соны ойлап сорым қайнап, сыздайды ішім.
Шағылған аз ба тауы табанды елдің,
Сен соның әрбіріне алаң болдың.
Шерленіп, сонша ғасыр Өзімді іздеп,
Сенделіп ақырында Саған келдім!..
Төбеден будақ-будақ көшкенде бұлт—
Саған келдік ақыры көп сенделіп.
Көрсетші, Өзіміздің Жанымызды
Сенсіз де көрер болсақ "өстер ме едік?.."
Сүреңсіз сурет сонда сарғаяды—
Қазақ ол!
(сорлап жүрген оңбай әлі...)
Өзгерген ештеңе жоқ, бәрі орнында,
"қайғысыз, ойсыз күндер" сол баяғы.
Жүдеткен жан-жүйесін нала-мұңы,
Жүрекке сендік зардың тамады Уы.
...Дала бұл—ана болған дана Абайға
Қарауыл!..—
Рухымыздың қарауылы!
Кірпіктің ұшында тұр ақырғы сәт—
Жанымды жаралы ойлар жатыр тұсап.
"Мыңмен жалғыз алысып", мұңнан өлген
Қандай қиын сөз айту Ақын құсап?!
Өзгенің өлең-жырын талай күндеп,
Өздерін күннен жарық санайтын көп.
Сондайда "жылт еткеннің бәрі жұлдыз—
Абайы жоқ аспанды"* аяймын кеп.
...Ескі мұңмен егіз қып зарымызды,
Есіл өмір есейтер әлі бізді.
Абай-айна, алдыңа тағы келдік,
Көрсетші енді, тірілген Жанымызды!..
Тілеухан Дәурен