ТӘРБИЕ – БІЛІМНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

23.02.2023
Новости

ТӘРБИЕ - БІЛІМНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ
Егемен Қазақстан газеті, 23.02.2023 ж., №37, 14 б.
 
       XXI ғасырда, ғылым мен техника, экономика мен өндіріс қаншалықты қарқынды дамығанымен, көптеген елдерде ұрпақ тәрбиесі аса маңызды проблемалар қатарына қосылып отыр. Бізді де осы проблема мазалайды.
     Қазіргі уақытта қоғамда ұлттық рух әлсіреп, перзенттік және азаматтық борыш ұғымдарының мәні құнсызданып, жастар арасында зорлық-зомбылық, суицид және т.б. жағымсыз құбылыстар көбейіп, қоғамда алаңдатушылық туғызуда. Қандай шешімдер қабылданғанымен, жастар тәрбиесін дұрыс жолға қоя алмай келеміз.
      Өткен жылдың аяғында Катардағы өткен футбол чемпионатына Жапон елінің жанкүйерлері мен футболистері өздерінің зор адами қасиеттерімен бәрімізді таң қалдырды. Чемпионаттың басынан аяғына дейін өздерін өте мәдениетті ұстады, әр ойыннан кейін отырған орындарын, киімдерін ауыстырып киетін бөлмелерін тап-тұйнақтай етіп жинағандарын көргенде, дән риза болдық.
       Сол жанкүйерлердің барлығы дерлік жақсы қызметтерде жүрген, жағдайлары бар жандар ғой. Соларға қарап, біздің де жастарымыз осындай тәрбиелі болса ғой деп армандадық.
       Жапон елінде жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру қашан және қалай басталды?
      1879 ж. император Мэйдзи елді аралағанда, жастардың адамгершілік тәрбиесіне көңілі толмай, «Білім берудің ұлы ұстанымдары» деген Жарлық шығарады. Онда: «Адамдар алдымен өз бойында руханилықты қалыптастырып, адамгершілік (моральдық) қағидаларды ұстануы керек, содан кейін олар өз қабілеттеріне сай әртүрлі пәндерді, кәсіпті меңгере алады», – деп жазылған. Осы Жарлықтан кейін Жапон елі білім мен тәрбие беруде Конфуцийдің моральдық-этикалық принциптеріне орала бастады.
     Мен 2008 ж. Цукуба университетінің ғалымдарының шақыруымен Жапонияға бардым. Сонда бір күн бойы осы университеттің Бастауыш мектебінде болдым. Бұл мектеп 1880 ж. император Мэйдзидің жарлығы шыққаннан соң бір жылдан кейін ашылған екен. Сол жылы қабылданған мектеп Жарғысына, 130 жылдай уақыт өтсе де, ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
Онда: 
– өзін адам ретінде терең түсіне білетін бала тәрбиелеу;
– мәдениетті жалғастыратын, жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу;
– өзін Жапонияның азаматы деп ұғынатын бала тәрбиелеу;
– дені сау және белсенді бала тәрбиелеу, – деп жазылған.
       Мектеп басшыларынан, бұл мектеп қой, оның басты мақсатының бірі білім беру емес пе? – деп сұрағанымда, дұрыс, сапалы білім беру – барлық мұғалімдердің басты мақсаты, ал мектептің басты мақсаты – оқушыларға саналы тәрбие беру, – деп жауап берді.
      Бір сыныпта 40 бала оқиды. Үлкен үзіліс кезінде 6 жылдық бастауыш мектепте оқитын 840 бала өз сыныптарында отырып түскі астарын ішіп болысымен, барлық сыныптарды, дәліздерді, акт залын жуып, мектеп ауласын, спорт алаңдарын тазалауға кірісті. 1 сағаттай уақыттан кейін жұмыстарын бітіріп, сабақтарын жалғастырды.
      Мектеп ашылған күннен бастап оны таза ұстау балалардың ісі екен. Осы істерді 1-ші сыныптан бастап 6-шы сынып оқушылары бірге жеке-жеке топтарға бөлініп атқарады, үлкендері кішілерге қамқорлық жасап жүреді.
      Мектепте дене шынықтыруға ерекше көңіл бөлінеді, сабақ басталғанша жылдам қозғалатын спорт түрлерінен жаттығу жасау қалыпты іс екен. Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беретін пәндері сапалы оқытылады.
        Міне, осындай тәрбиенің нәтижесін Жапон жастары Катарда бүкіл әлемге паш етті. Жапон халқы біздің елге қарағанда 20 жылдай ұзақ өмір сүреді.
        Біздің мектептеріміз жастарға еңбек, дене және адамгершілік тәрбие беру жұмыстарын қашан жүйелі түрде қолға алатын болады? Ол үшін не істеу керек, ...?. Біз бұл мәселені ойлануымыз қажет!
       Біз өз зерттеулерімізде орта білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олар: Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Сингапур, Канада, Гонконг (Қытай), Макао (Қытай), Тайвань, Эстония, Шанхай (Қытай), Қытай (4 провинциясы бірге), Польша. Осы елдердің табыстылығы неде? – деген сұраққа барғанымызда, бұл елдер 2 мәселеге ерекше ден қоятынын анықтадық: 1-ші мәселе – бала тәрбиесі; 2-ші – ұстаз құзыреті.
        Бала тәрбиелі болып, ұстаздардың кәсіби құзыреті жоғары болса, оқушылардың білім сапасы жоғары болады.
      Соңғы жылдары PISA зерттеулері бойынша Қытай елінің оқушылары жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. 2009 ж. Шанхай провинциясы жеке қатысып, жақсы көрсеткіш көрсетті, ал 2015 ж. Шанхаймен бірге Бейжің, Цзянсу; Гуандун провинциялары бірге қатысып 10-шы орын алса, 2018 ж. осы 4 провинция бірге 1-ші орын алды. Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея және басқа елдерді артта қалдырды. Біздің оқушылар PISA зерттеулері бойынша төменгі орындарда тұр.
        Осы провинцияларда 220 млн аса адам тұрады, бұл Қазақстан халқынан 11 есе көп. Яғни, бұл елдерде, біздің елге қарағанда 10 еседен аса көп балалар оқиды. Осынша балаларға қалай соншама жоғары деңгейде білім беріп отыр? –деген сұрақ көңілге оралады.
        Осы сұрақтың жауабын Ұлыбритания ғалымдары беріп отыр.
       Соңғы жылдары әлемнің әртүрлі тілдерінде жазылған ең жақсы 100 оқулық қазақ тіліне аударылды. Соның бірі Британияның Вулверхэмптон университетінің профессорлары Стив Бартлетт пен Диана Бертон жазған «Білім берудегі зеттеулер» оқулығы. Оның 240 бетінде: «Қытай, Жапония, Корея, Сингапур, Тайвань, Гонконг, Малайзия сияқты Конфуций іліміне сүйенетін елдердегі білім беру жүйесі оқушылардың жоғары нәтижеге жетуіне көбірек септігін тигізетінін көрсетті», – деп жазылған.
        Осылай, Батыс елдерінің ғалымдары, оқушыларға ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беру – білім берудің түп қазығы екенін мойындап отыр.
       Бұл елдерде жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру мәселесін сабақ беру барысында іске асыруға да көп көңіл бөлінеді. Мысалы, Қытайда негізгі пәндерді оқытқанда сол пәндердің мазмұнына, яғни оқытылатын тақырыптарға қарай оқушыларға қалай тәрбие беру керектігі жөнінде мұғалімдерге арнап көмекші құралдар жазылған. Оны мұғалімдер сабақ беру барысында басшылыққа алады.
       Жалпы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде оқушыларға саналы тәрбие беруге сабақ барысында да, сабақтан тыс уақытта да көп көңіл бөлінеді. Себебі, бұл елдер, саналы тәрбие – сапалы білімнің кепілі болатыны, ал сапалы білім – адами капитал мен елдің экономикасының дамуының кепілі болатынын жақсы түсінеді.
      Біз елімізде қолданыстағы 11 жылдық мектептің типтік оқу бағдарламасын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінң 12 жылдық мектеп бардарламаларымен салыстыра зерттедік. Сонда көптеген өзгерістер байқадық. Бізде 11 жылдық орта мектеп 4+5+2 моделі бойынша оқытылатын болса, бұл елдерде және барлық білім сапасы озық елдерде, 6+3+3 моделі қолданылады. 6+3+3 моделі оқушылардың психоло-физиологиялық ерекшеліктері және оларға саналы тәрбие беру мен олардың оқытылатын пәндерді жақсы түсіну мүмкіндіктері ескеріле отырып, қабылданған модел. Ол өзінің табыстылығы мен өміршеңдігін дәлелдеп отыр.
      Бізде, бастауыш сыныптарда, оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беретін пәндері бұл елдерге қарағанда аз оқытылатыны, 7-9 сыныптарда бізде 12-13 негізгі пән оқытылса, бұл елдерде 4-6 пән оқытылатыны, ал университеттерде оқытылатын күрделі пәндерді жақсы меңгеру үшін бұл елдерде жоғары сыныпта 3 жыл арнайы білім берілетін болса, бізде 2 жыл жалпы пәндер оқытылатыны анықталды. Бұл біздің әлі «білім-білік-дағды» пардигмасынан «оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастыратын, нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына» өте алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Барлық дамыған елдер 10-15 жыл бойы осы парадигмамен оқып, жастарға білім мен тәрбие беріп келеді. Содан олар бізден оқ бойы озып отыр.
      Оқушыларға саналы тәрбие, сапасын білім беру үшін осы және басқа да проблемаларды терең зерттей отырып, оларды шешу үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз.
      Жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі кезек күттірмейтін аса маңызды проблема болғандықтан, осы мақсатта біздер бір маңызды іс атқардық.
     2021 ж. Педагогикалық Ғылымдар Академиясы Абай атындағы ҚазҰПУ және Алматы қаласы білім басқармасымен бірлесе отырып, «Мектеп оқушыларына тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру» жобасын жасадық. Оны Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті қолдады.
      Жобаның жетекші идеясы – рухы мықты, ұлттық намысы жоғары, әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан, парасатты, адал ниетті ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарын іске асырудың ғылыми негізін жасап, оны практикалық тұрғыда жүзеге асыру болды.
Жастарға тәрбие берудің 6 өзекті бағыты анықталды. Олар:
1. Мектептің ұжымдық мәдени-тәрбиелік ортасы;
2. Отбасылық құндылықтар жүйесі;
3. Ұлттық құндылықтар жүйесі;
4. Салауатты өмір салты;
5. АКТ сауаттылық;
6. Адал кәсіпкерлік еңбек құндылықтары
Осы бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізу мақсатында мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға арналып 14 Әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Оларды мұғалімдерге терең түсіндіру мақсатында видеодәрістер әзірленді.
       2022 ж. Алматы қаласының мектептерінде эксперимент жүргізіліп, 70-тен аса мектептен ұсыныс-пікірлер түсті. Онда, бұл нұсқаулықтар мектептерде тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін аса қажетті құралдар екені және алдағы уақытта, олармен барлық сынып жетекшілерін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
      2022 ж. мамыр айында Алматы қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, жүргізілген эксперименттің нәтижесі талқыланды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде «Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі» деген тақырыпта 3 бөлімнен тұратын жинақ дайындалды. Оны дайындауға 40-тан аса ұстаздар, әдіскерлер, тәжірибелі психологтар, тренерлер мен ғалымдар ат салысты.
      Жинақты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қарап, оны жетілдіру жөнінде көптеген ұсыныстар берді. Осы мақсаттта тиянақты жұмыстар жүргізілді. ҰБА берген сараптамалық қорытындыда, бұл жинақтың орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне тәрбие жұмыстарында қосымша әдістемелік нұсқаулық ретінде қолдануына ұсынылатыны айтылды.
        2023 ж. 27 қаңтар күні Абай атындағы ҚазҰПУ-де жинақтың тұсаукесері өткізілді.
       Елімізде алғаш рет 1-ші сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық сынып оқушыларына, олардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып ғылыми-практикалық негізде жүйелі тәрбие беруге арналған әдістемелік нұсқаулықтар жинағы дайындалып, мектептерге ұсынылды. Бұл жинақ барлық мектеп ұстаздары мен ата-аналарға келешек ұрпаққа саналы тәрбие беру жұмыстарын жетілдіруге ықпал етеді деп есептейміз.
 
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ
академик, Қазақстан ПҒА президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреты