ТӘРБИЕ ҚҰТЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТА

30.01.2023
Новости

 

Әділетті Жаңа Қазақстан дәуірі жастар саясатын жетілдіру талабын қойып отыр. Мектепте білім берудің тәрбиелі сипаты жастар саясатының сенімді тұғыры болып табылады. Сондықтан да, өздеріңіз білесіздер, мемлекетіміз мұғалімдерге, мектепке, жастар мен отбасыларына айырықша экономикалық-тұрмыстық, рухани-нормативтік көңіл бөлуде.

Тәрбие жұмысын нәтижелі жүргізу үшін, алдымен, ұстаздар балаға саналы тәрбие беруге педагогикалық-әдістемелік және психологиялық жағынан дайын болулары керек. Ұстаз ­­­– Ата-ана – Оқушы үштігі өзара түсіністікпен ынтымақтастықта жұмыс жасаулары тиіс. Осы орайдан, педагогика және психология ғылымдары негізінде балаға заман талабына сай тәрбие берудің бірыңғай жүйесін жасалу аса өзектілікті міндетіміз еді.. 

         Өкінішке орай, осы уақытқа дейін бізде 1-ші сыныптан бастап 11-ші сыныпқа дейін оқушыларға, сабақтан тыс уақытта, тәрбие жұмыстарын жүргізудің біртұтас ғылыми-практикалық негізі жасалмаған болатын. Міне бүгін, біздер, сондай жүйенің жасалғанына куә болып отырмыз.   

Бұл жұмыс оңайлықпен жасалған жоқ. 2021 жылы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті және Алматы қаласы Білім басқармасы бірлесе отырып, тәрбие беру жұмысын жетілдіру мақсатында арнайы жоба жасады. Сол жоба аясында тәрбие берудің өзекті бағыттары анықталып, әдістемелік нұсқаулықтар жазылды.  

Ол нұсқаулықтар негізінде мектептерде эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесін талқылауға байланысты Алматы қаласының 140 мектеп-гимназияда, Сания Өскенбайқызы басқарып отырған гимназияда, Республикалық ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияға  мен де қатынасып, өз пікірімді айттым. Көптеген ұстаздар, ата-аналар, Дархан Нұрланұлы, Қанай Гүлмира Әмірханқызы да салихалы пікірлер айтқан еді.

Барлық айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, әдістемелік нұсқаулықтар толықтырылып, жетілдірілді. Ұстаздардың айтқан ұсыныстары негізінде олар топтастырылып,  3 томдық жинақ дайындалды.

Бұл жинақты дайындауға 20-дан аса ұстаздар, әдіскерлер, тәжірибелі психологтар, тренерлер, ғалымдар, солардың ішінде осы университеттің де ғалымдары бар, ат салысып, академик Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновтың басшылығымен нәтижелі еңбек етті.

Осындай үлкен еңбекті дүниеге әкелген осы жинақ авторларына  алғысымызды айтайық. Сонымен бірге үлкен алғысымызды Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Жылқыбаева Ляззат Әуезханқызына да айтуымыз керек. Ляззат Ауезханқызы осы еңбектің жазылуына, оның жарық көруіне білікті ұстаз, қайраткер басшы ретінде үлкен қолдау көрсетті. Білім беру тәлімді сипатта жүзеге асырылса, ғылыми-техникалық және инновациялық даму ізгілікті мәнде болады. Олар дамыса, елдің әл-ауқаты көтеріліп, өсіп-өркендейді. Демек, елдің дамуының кепілі, оның түп негізі ­– жас ұрпаққа саналы тәрбие беру болады. Осы тұрғыдан келгенде, бұл жинақтың маңызы ерекше екенін тағы да баса айтқым келеді.

 Енді сөз қорытындысында осы жинаққа қатысты бірер ғана тұжырым айтуға рұқсат етіңіздер.

Жинақ авторлары халқымыздың ұлттық тәрбие жүйесінің ғасырлар бойғы тәжірибесін елеп-екшеп және әлемдік тәжәрибені де саралай отырып, ата-аналарға, балалардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, мектеп мұғалімдерінің ғылыми-практикалық сауатты жұмыс жасауына арналған 14 әдістемелік нұсқаулықтар жазған. 

 «Ата-ана болу – ұлы міндет» айдарымен тәрбие жұмысына ата-ананы тарту, қыз бала тәрбиесіне еркеше мән беру, зорлық-зомбылық, буллинг, неке және сезім тақырыптарына қатысты бұрын арнайы қарастырылмай келген тәрбиелік жұмыстар жүргізудің сан-алуан ғылыми-тәжірибелік негіздерін берген.

          Бір нұсқаулық екінші нұсқаулықты қайталамайды, қайта байытып отырады. Және барлық нұсқаулықтарда балалардың жас ерекшелігіне қарай материалдар бөлініп беріліп отырған, бұл әр нұсқаулықты 1-ші сыныптар бастап 11-ші сыныпқа дейін еркін пайдалануға мүмкіндік береді.

Интернет қауіпсіздігі бағытында жаңадан ескеріліп, оны тиімді пайдалану мәселелері өте қарапайым әрі түсінікті баяндалған. 

          Ата-ананың сауаттылығы мен өнегелі тәжірибелерін арттыру арқылы балаларды өмір қауіпсіздігіне, жүйке қауіпсіздігіне дағдыландыру жолдары ескерілген. Нұсқаулықта ұсынылған іс-шаралар, оқу, семинар, жиналыс форматтарындағы сауаттандырудың тәжірибелік базасы ата-аналармен бірге жұмыс жасауға бағытталған. Мектептер оқушыларға саналы тәрбие беру орталықтарына іс жүзінде айналулары қажет екендігі дәйектелген. Мектеп баланың отбасының сипаты мен ішкі әлемінен хабар беретін орта болып табылатыны көрсетілген.

Баланың қызығы – үйде, қылығы – түзде көрінеді. Осы жағын біз күнделікті тәрбие жұмысымызда ескеруіміз керек. Әр бала өз отбасынан алған тәрбиесін қоғамға сәйкестендіру кезеңінде сан түрлі кедергілерден өтетінін ескере отырып, оларды реттеу және бағыттау шараларына қатысты қажетті нұсқаулар жасау, мол тәжірибе мен терең ізденісті қажет етеді. Авторлар осы биіктен көріне білген.

Ұрпақ игілігіне арнап жазылған әрбір әдістемелік нұсқаулық әр ұстаздың қолында жүрсе, оның сенімді кеңесшісі және тәжірибелік нұсқаушысы болады деп толық сеніммен айтқым келеді. Осы жинақ негізінде мектептер үшін тәрбие оқулықтары жазылса деген ұсыныс жасағым келеді. Сонда мұңдайлық үлкен еңбек ізденіс деңгейінде қалып қоймай, мектеп өміріне берік енер еді.

Олай болса, осы жинақ негізінде оқулықтар жазылады деп ақ жол тілейік, қадірлі ағайын!

 

А.Т. Миразова, ҚР Тұңғыш Еңбек Ері,

«Алтын Жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері,

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі