Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» – деді.
ХХІ ғасырда ғылым мен білім қаншалықты дамыса, ұрпақ тәрбиесі мәселесі де соншалықты күрделене түсуде. Бұны бүкіл әлем сезініп, қобалжып отыр. Соның ішінде біздің ел де бар.
Ұрпақ тәрбиесін жетілдіру мақсатында біздің Академия Абай атындағы ҚазақҰПУ және Алматы қаласы білім басқармасымен бірлесе отырып мектеп оқушыларына тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру жобасы жасады. Бұл жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті қолдады. Жастарға тәрбие берудің 6 өзекті бағыты анықталып, осы бағыттарда нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында 14 Әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Олардың сапасын көтеру мақсатында мектептерде эксперимент жүргізіліп, нәтижесі Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды.
Барлық нұсқаулықтар топтастырылып, «Ұрпақ тәрбиесінің құндылықтар негізі» тақырыбында 3 бөлімнен тұратын жинақ дайындалды. Жинақты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қарап, ұсыныс-пікірлер айтты. Оны жетілдіру мақсатында тиянақты жұмыстар жүргізілді. Академия берген сараптамалық қорытындыда: «Барлық әдістемелік ұсынымдар жазуда бірізділік пен жүйелілік сақталған. Берілген материалдар тәрбие тұжырымдамасындағы құндылықтарды қамтиды. Жинақты орта білім беру ұйымдарының педагогтері тәрбие жұмыстарында қосымша әдістемелік нұсқаулық ретінде қолдануына ұсынады» – деп жазылған.
Қадірлі ағайын, жастарға жақсы адамгершілік тәрбие беруге бәріміз бірге ат салысайық!
Ү.ж. 27 қаңтар күні сағат 11-де Абай университетінде осы жинақтың тұсаукесері өтеді. Келем деушілерге есік ашық.
Академик Асқарбек Құсайынов, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті