Педагогикалық Ғылымдар Академиясы ү.ж. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолдауымен «Жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен танымал ету жөнінде іс-шаралар өткізу» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруды қолға алған. Жоба мақсаты – қоғамдағы рухани мәселе – ұлттық құндылықтарымыздың жойылып кетпеуіне жол бермеу. Осы жоба аясында 2022 жылдың 27 тамызында үшінші шара – «Мен қазақ тілін білемін” квест-ойыны өткізілді.
Квест ойын екі мәселені шешуге бағытталған десек қателеспейміз. Біріншісі, әрине мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің мәртебесі, қоғамдағы орны мен жастар арасында дұрыс дәріптелуі болса, екіншіден сол идеяны квест-ойын арқылы, яғни жастарды топтастыра отырып, қоғамның келелеі мәселелерін ортақ шешуге талпынысын ояту болды. Осы бағытта еліміздің іргелі ғылыми өзегі – «Ғылым Ордасы» қолдау көрсетіп, өз аясындағы 4 музейді квест алаңы ретінде пайдалануға рұқсат берді. Олар, Табиғат музейі, археология музейі, Қазақстан ғылымының тарихы музейі, Сирек кездесетін кітаптар музейі. Әрине, біз тілді тарихтан, мәдениеттен, руханияттан бөліп ала алмайтындықтан киелі орта-музейлердің экспонаттарын пайдалану арқылы осы аталған салалардың барлығын қамтуға тырыстық.
Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның бөлінбес белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Осыған орай, қазақ тілі арқылы, қазақ тіліндегі бай мұраларымыз арқылы жастардың бойында тарихына, мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін орнықтыруды басты мақсат етіп отырмыз.
Бүгінде, жасырары жоқ қазақ елінде, қазақ жерінде тұрып қазақ тілін сол қазақ халқына үгіттеу ұят десек те, бұл заман талабынан туған қажеттілік болып отыр. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ұмытпай, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты міндеттердің бірі.
Квест нәтижесінде үздік танылған жеңімпаздар ақшалай сертификатпен марапатталды:
1 орын - 300 мың теңге
2 орын - 200 мың теңге
3 орын - 100 мың теңге
Квест ашық түрде өтті. Байқауға Қазақстан Республикасының барлық аймақтарынан 16-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Оның ішінде, мектеп, университет жастары, құрама командалар Алматы, Қаскелең, Қызылорда қалаларынан, Алматы облысынан бар. Байқауда елімізге танымал тарихшы, филолог мамандар төрелік етті.
Квест барысында командалар, тарих, тіл, жазба тарихығ тіл тарихы, осы салалардың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы сауалдарға жауап беріп, ребустарды шешіп, фазлдарды құрастырып, ладыңғы сұраққа жауап болған музей экспнаттары жанында жасырылған келесі тапсырмаларға өту арқылы қызықты да танымды, тартысты ойын көрсетті.
Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор десек, осы квест ойыны дәл сондай іргелі орда – музейде өтті.
Мекен жайы: Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28.
Сөз соңында интернет желісінен алынған мына бір шумақты келтіргіміз келеді.
Бұл өмірде бір күн қонақ боламыз
Мүмкін елу мүмкін жүз жыл салармыз.
Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
Құрметтейік келгенінше шамамыз!