«Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі» -деп Михаэль Тальхаймер атап көрсеткендей, бүгінде қоғам дамуында жаһандану үдерісіне сәйкес үлкен өзгерістер орын алуына байланысты ұлттық мәдениет пен тілге төнген қауіптің алдын алу мақсатында Педагогикалық Ғылымдар Академиясы ү.ж. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолдауымен «Жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен танымал ету жөнінде іс-шаралар өткізу» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру қолға алған. Осы жоба аясында 2022 жылдың 28 шілдесінде екінші шара – «Театр” номинациясындағы фестиваль-байқауын өткізді.
Театр кез-келген халықтың, әрине соның ішінде қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы да осы - театр. Осыған орай, театр арқылы жастардың бойында тарихына, тіліне, мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін орнықтыруды өзек еткен байқау өз мақсатына жетті.
Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Дәл, сол театр өнері көрерменнің өзгелерге деген, басқа халықтар өмірі мен қоғам тіршілігіне деген ынта – ықыласын арттырумен қатар, достық сезімін де күшейте түсуге әсер ететіндігін Е.Тілеукенов сынды өнертанушылар жазып жүргеніндей, біздің полиэтносты қоғамда бұл аса маңызды факторлардың бірі. Байқау: жастарды рухани байыту және мемлекеттік тілді танымал ету; жастар арасында қазақи театр өнерін насихаттау; өнерге қызығушы жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту; жас өнертанушылар мен театр өнерпаздарынан құралған топтардың жаңа есімдерін анықтау, олардың шығармашылығын қолдау; жастардың шығармашылық ізденісін арттыруға жәрдемдесу; ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу бабаларымыз аманат етіп кеткен дәстүрден, өнерден бастау алатынын ұмыттырмай, қасиетті өнеріміздің бір тармағы, құдыреттісі – театр өнерін насихаттау секілді міндеттерін де орындай алды.
Байқау нәтижесінде үздік танылған жеңімпаздар ақшалай сертификатпен марапатталады:
1 орын - 300 мың теңге
2 орын - 200 мың теңге
3 орын - 100 мың теңге
Байқау ашық түрде өтті. Байқауға Қазақстан Республикасының барлық аймақтарынан 16-29 жас аралығындағы жас таланттар қатысты. Оның ішінде, мектеп, университет жандарындағы театр ұжымдары, өнер бірлестіктері, жас театрлар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан, Абай облысынан, Аягөзден бар. Байқауда елімізге танымал театр майталмандары, актерлар төрелік етті.
Театр әлемі ұғымының бойында халықтың мұңы, қоғамның әлсіз тұстарының мәселелері ешқашанда ұмыт қалып көрмеген. Театрдың тарихи жағынан қалыптасып, даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір – тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және мәдениетімен тығыз байланысты екені сөз. Сол себепті де сахнада, бірде батырларымыздың образы сомдалса, бірде заманауи әлеуметтік мәселелер қамтылды.
Тарих, тағдыр тамаша сомдалып, көрерменіне киелі сахна арқылы жол тауып, жастарды ұлтын, тілі мен мәдениетін құрметтеуге баулуға үлес қосу мақсатында «Алматы ақшамы» газеті ақпараттық қолдау көрсетіп, байқауды тамашалады. Театр өнерпаздары мен көрермендерді сергіту мақсатында байқауда жас талант Дәулет Жаңбырбаев саксофонда бірнеше әуен ойнап берді.
«Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ» деп Ілияс Жансүгіров атамыз айтқандай аталған шара сол бір киелі мәдени ошақ М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының Кіші залында өтті.
Мекен жайы: Алматы қаласы, Абай даңғылы 103.